
15 маусым күні ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен Вячеслав Гиззатовтың «Время перемен» (орыс тілінде) атты кітабының тұсаукесеріне қатыстым. Вячеслав Хаменұлы Гиззатов – 40 жылдан астам өмірін дипломатия саласына берген, отандық дипломатияның ардагер–тарланы, Қазақ Елінің сыртқы саясатының қалыптасып, дамуына тікелей қатысып, тер төге еңбек еткен жан. Мен осы ардақты ағамыздың әсіресе Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметтік делегациясын басқарып, осы аса күрделі жұмысты жемісті де жеңісті атқарғанын ерекше атар едім. Бұл мәселе, әсіресе бүгінгі таңда, аса маңызды мәселеге айналғанына бәріміз куәміз – бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің бәрінде жер дауының өрті толастамай, өрши түсуде…Бұл кітап, еліміз өткерген құбылысты оқиғаларды суреттейтін, нақтылы дерек көздеріне құрылған еңселі еңбек, ол, әсіресе, өмірін дипломатиялық жұмысқа арнағысы келген жастарға, тәуелсіздік алған жылдарда өткен саяси – рухани «тар жол, тайғақ кешулерін» білгісі келетін тарихшыларға, жалпы оқырмандарға арналады. Кітапта мәнді де сәнді фотосуреттер, құжат көшірмелері кеңінен беріліп, ол жоғары полиграфиялық сапада басылған.

Айгуль Куспан
Председатель Комитета Мажилиса по международным делам, обороне и безопасности