
Құрметті Вячеслав Хаменұлы!
Сізді жуырда жарық көрген «Өзгерістер заманы» атты кітабіңіздің тұсаукесерімен шын жүректен құттықтай отырып, ағалық ақ көңіліңізбен қыл қаламыңыздан шыққан туындыңызды маған жолдағаныңыз үшін шексіз ризашылық білдіремін.
Отанымыздың Тәуелсіздік тұғырын нығайтуға және халықаралық қауымдастықтағы беделін арттыруға сіңірген ерен еңбегіңіз бен өзгелерден ерек сан қилы өмір жолыңыз баяндалған естелік жазбаларыңыз өте құнды әрі тағылымды. Әсіресе, жаңа егемен мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастырудағы көпшілікке беймәлім тұстары мен қауіпсіздік және дипломатиялық қызметтегі әсерлі сәттер әрбір оқырманның бойын баурап алары сөзсіз. Сенімге серт беріп ел тізгінін ұстаған Елбасымен және сабақтастық салтанатымен ұлтты ұйыстырған Мемлекет басшысымен бірлесе атқарған жұмыстарыңыз Қазақстанның тарихи шежіресінде лайықты орын алатынына сенімдімін.
Сонымен қатар, сыртқы саяси мекеме аясындағы жауапты да сан қырлы орасан зор тәжірибеңіз көрініс тапқан шығармаңыз саясаттанушылар мен жас дипломаттар үшін өлшеусіз қазына, өнегелі білім бұлағы болатынын ерекше атап өтемін.
Білікті дипломат, танымал мемлекеттік қайраткер ретінде Мәңгілік Еліміздің дамуын баянды етуге және мүддесінің мұқалмауына сүбелі үлесіңіз жалғасын тауып, еліміздің ырысы мен берекесін еселеуде, ұлағатты ұстаздық жолындағы игілікті істеріңізге лайым сәттілік серік болсын.
Орайлы мүмкіндікті пайдаланып, Сізге толағай табыс пен қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, ал әулетіңізге зор бақыт пен құт-берекеге тілеймін!
Ізгі ниетпен,
Мұрат Нұртілеу

Мурат Нуртлеу
Заместитель Руководителя Администрации Президента Республики Казахстан